Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 3 маусым күні таңертең Вашингтонға барды. Онымен бірге делегация құрамында Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко, қорғаныс министрлігінің және президент кеңсесінің өкілдері бар.
Ермак Telegram-арнасына АҚШ-тағы келіссөздердің күн тәртібі Украинаға қорғаныс көмегін күшейту, майдандағы қазіргі жағдай, сондай-ақ Ресейге қарсы санкция қысымын арттыру сияқты кең ауқымды мәселелерді қамтиды деп жазды.
Украина тарапы, әсіресе, АҚШ-тың республикашыл сенаторы Линдси Грэм ұсынған заң жобасын талқылауға ерекше көңіл бөлмек. Бұл заң жобасында Ресейге қарсы санкцияларды едәуір күшейту көзделген, соның ішінде халықаралық санкцияларға қарамастан Ресей мұнайын сатып алып отырған елдерден келетін импорт тауарларға 500 пайыздық кедендік баж салығын енгізу қарастырылған. Украина бұл заң жобасы Конгресте агрессор елге экономикалық қысым жасаудың маңызды құралы ретінде қолдау табады деп үміт артып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сенатор Грэм мен Еурокомиссия басшысы Ресейге қарсы санкция мәселесін талқыладыЕрмактың айтуынша, тараптар бұған дейін қол қойылған Инвестициялық қор құру туралы келісімді іске асыру мәселесін де талқылауды жоспарлап отыр. Бұл қор соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіру ісінде басты рөл атқаруы тиіс. Басым тақырыптар қатарында – Ресей заңсыз депортация жасаған украин балаларын елге қайтару және осы процеске халықаралық қолдау көрсету мәселелері де бар. Сондай-ақ, әсіресе діни тақырыптарды қолдану аясында Ресейдің үгіт-насихатына қарсы тұру тетіктерін талқылау көзделіп отыр.
Украина делегациясы АҚШ-тағы республикашыл және демократиялық партиялардың Украинаға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан заң шығарушы өкілдерімен, сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің мүшелерімен бірқатар кездесу өткізбекші.
Бұдан бөлек, Украина тарапы осы аптада Стамбұлда Ресей өкілдерімен өткізген кезекті кездесудің нәтижелері жайлы баяндап, Мәскеудің бейбіт келіссөздерді әдейі созып, оны Украинаға қарсы әскери басқышылығын жалғастыруға уақыт ұту үшін пайдаланып жатқанын атап өтпек.