30 мамыр күні Стамбұлда үстіне жай киім киген белгісіз біреулер Түрікменстаннан шыққан белсенді Үмида Бекжанованы ұстап, депортация орталығына алып кеткен. Мұны 31 мамыр күні Швецияда тұратын түрікмен оппозиционері Халмурад Союнов Үмиданың адвокаттарына айтқанына сүйеніп, өзінің YouTube-арнасында хабарлады .
Союновтың айтуынша, Түрікменстанның арнаулы қызметі мен Түркиядағы елшілігінің өкілдері Үмида Бекжанованың Стамбұлдағы тұрғылықты мекенжайын ұзақ уақыт бойы анықтай алмаған. Оны табу үшін түрлі айла-шарғы қолданған. Атап айтқанда, қаңтар айында Үмидаға банктен визасының мерзімі аяқталғанына байланысты банк картасы жабылғаны жайлы хабарлама түскен.
"Бұл хабарлама Үмидаға жай түскендей әсер етті, өйткені ол қыркүйекте алған визаның мерзімі мұншалықты тез аяқталуы мүмкін емес еді. Ол бұл жөнінде бірден адвокатына хабар берді", – деді Союнов.
Алайда, Үмида Бекжанованы аңдығандар 30 мамырда оны қолға түсірген. Халмурад Союновтың айтуынша, Үмиданы Түркияға жұмыс істеуге барған келіні арқылы алдап шақырып алып ұстаған.
"Өздерін полицияданбыз деп таныстырған, жай киім киген адамдар әуелі оның келіні қайда тұрып жатқанын анықтап, кейін Үмидаға хабарласып, сол жерге баруға көндірген"ғ – деді Халмурад Союнов. Оның мәліметінше, Үмиданы сол жерде ұстап, шағын автобусқа салып, белгісіз жаққа алып кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркия билігі түркімен оппозиционері Үмида Бекжанованың ықтиярхатының күшін жойған1 маусым күні күндіз белгілі болғандай , Үмиданы Түркіменстанға экстрадициялау үшін Стамбұл әуежайына жеткізген деп хабарлады turkmen.news сайты. Оның серіктестері Үмиданың қолында ешқандай құжаты жоғын айтты.
2 маусым күні Азаттық Азия тілшісіне берген сұхбатында turkmen.news сайтының негізін қалаушы Руслан Мятиев, Бекжанованың адвокатының айтқанына сүйеніп, түрікмен белсендісі қазіргі уақытта депортация орталығында отыр деп мәлімдеді.
"Оны Арнавуткөй ауданындағы [Стамбұлдың еуропалық бөлігіндегі аудан – ред.] депортация орталығынан алып шығып, "әуежайға апарамыз" деген желеумен Інджегіздегі депортация орталығына жеткізген", – деп айтқан Үмида Бекжанованың адвокаты Руслан Мятиевке.
Үмида Бекжанова бірнеше жылдан бері Түркияда заңды негізде тұрып, жұмыс істеген. Ол Түркияда тұрып жатқан өзге де түрікмен белсенділері сияқты, Түрікменстанның авторитар билігін ашық сынайтын белсенді ретінде танылған.
Түрікмен құқық қорғаушыларының айтуынша, ресми Ашғабат Түркияда белсенділік танытқан Үмида Бекжанованың оппозициялық қызметін тоқтатуға бірнеше рет әрекеттенген: оның елде қалған туыс-жақындарына қысым көрсеткен. Мысалы, кенже ұлының үстінен жалған айыппен қылмыстық іс қозғап , оны тергеу барысында электр тоғымен азаптағаны жөнінде Үмиданың өзі айтқан. Қазір ол ұлы бас еркіндігінен айырылып, қамауда жазасын өтеп жатыр. Үмида Түркияда тұрған жылдары белгісіз біреулер оған бірнеше рет қоқан-лоқы жасап, қорқытпақ болғанын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жұмысқа кеткен, хабар жоқ". Орталық Азиядан шыққан мигранттардың Түркиядағы жағдайыБиыл сәуір айының аяғында Түркияда тағы екі танымал түрікмен белсенді – Әлішер Сахатов пен Абдулла Орусов ұсталған. Қазір екеуі де депортация орталығында қамауда отыр. Олардың туыстары мен құқық қорғаушылар Анкара билігін түркімен белсенділерін Түрікменстанға бермеуге үндеп, олар Отанында азаптауға ұшырап, өліп те кетуі мүмкін екенін айтқан.
Кейінгі жылдары Түркияда тұрып жатқан түрікмен белсенділеріне жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан, көбіне Ашғабаттың сұрауы бойынша, қысым күшейгені байқалады. Бұған дейін де Түркияда бірқатар оппозициялық блогер ұсталып, еліне депортацияланған еді. Олардың қатарында Фархад Мейманқұлиев, Ровшан Клычев, Сердар Дурдылыев және Мердан Мұхаммедов бар. Кейбірінің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Түркіменстанда Мейманқұлиевті 22 жылға соттап, түрмеге отырғызған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркияға баратын түркімен азаматтары "саяси белсенді" болмауға уәде беріп, "кепілгер" іздеуге мәжбүр