3 маусымда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше адамға қатысты бірнеше қылмыстық іс бойынша үкім оқыды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды.
Қой-Таш оқиғасы үшін Атамбаев 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік наградаларынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Тергеу болжамынша, бұрынғы президент Шу облысы Қой-Таш ауылындағы жер учаскелерін заңсыз иеленген, заңсыз жолмен байлық жинап, 2019 жылы 7-8 тамыз күнгі Қой-Таштағы оқиғаға қатысқан. Сот оны кінәлі деп таныды.
Атамбаев тұсында президент әкімшілігін басқарған Фарид Ниязов пен парламенттің бұрынғы депутаттары Равшан Жээнбеков пен Ирина Карамушкина 7 жыл 8 айға және 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Атамбаевтың жақтасы Фархад Баабиев 5 жыл 6 айға сотталды.
Бұрынғы вице-премьер, жемқорлық үшін халықаралық іздеуде болған Асқарбек Шәдиев 15 жыл 6 айға сотталды. Оның мүлкі де тәркіленді.
Бірінші Май аудандық соты Атамбаев пен тағы бірнеше шенеунік пен оның жақтастарына қатысты бірнеше істі біріктірген. Біріншісі – Қой-Таш ауылындағы жер телімін сатып алудағы сыбайлас жемқорлық, екіншісі – Бішкек жылу электр орталығына (ЖЭО) жөндеу жұмыстарын жүргізу, үшіншісі – 2019 жылы Қой-Таштағы оқиға кезінде адам өліміне әкеп соқтырған тәртіпсіздіктерге қатысты.
Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған. Оған жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, 2019 жылы маусымда бұрынғы президент мәртебесінен айырылған. Сол жылы «Батукаев ісі» бойынша тұтқындалып, Қой-Таштағы үйінде қамауға алынған. Қой-Таштағы оқиға кезінде құқық қорғау органдары Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын басып алмақ болған. Ертесінде шамамен 3 мың милиция қызметкері қатысқан арнайы операция кезінде Атамбаев берілді. Тәртіпсіздік кезінде 225 адам зардап шеккен, арнайы жасақтың бір өкілі қаза болды.
Бұған дейін сот оны қылмыстық топтың жетекшісі Азиз Батукаевты 2013 жылы түрмеден заңсыз босатқаны үшін кінәлі тауып, бірақ "іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" үкім шығармаған. Атамбаев мектеп құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды және заңсыз төлқұжат берді деп те айыпталған. Бірінші Май аудандық соты оны 2022 жылы ақтады.
Ол 2023 жылдың ақпан айында түрмеден босатылып, келесі күні емделуге Испанияға ұшып кетті. Сот оған шетелде емделуге рұқсат берген. Содан бері ол елге оралмаған.