Құқық қорғаушы Алматыдағы кинотеатрлар Жыланбаев туралы деректі фильмді көрсетуден бас тартқанын айтты

Марат Жыланбаев

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Алматыда кинотеатрлар Марат Жыланбаев туралы фильмді көрсетуден бас тартып отырғанын хабарлады. Оның сөзінше, ол бір айдан бері келіссөз жүргізіп келеді, әзірге нәтиже жоқ.

“Басында келіседі де бір күннен кейін хабарласып, басшылық “фильм тематикаға сәйкес емес” деп айтты дейді” деді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.

Оның сөзінше, мәселе жеке кинотеатрлар мен кинотеатрлар желісі жөнінде болып отыр, бірақ нақты аттарын айтпады.

Ол “қалай болғанда да фильмді көрсетуге тырысамыз, егер 15 маусымда болмаса, онда кейінірек” деді.

“Фильмді кез келген уақытта көруге болады. Оған ешқандай тыйым салынбаған. Біз тек оны үлкен экранда көрсеткіміз келген. Ал бұл енді алдын ала сақтанып жатқан адамдардың позициясы” деді құқық қорғаушы.

Алматыда Есентайдағы кинотеатрдың Мөлдір есімді әкімшісі Азаттыққа "фильмді өткізу туралы" ұсыныс түспегенін жеткізді. "Ал егерде ұсыныс түссе, қабылдайсыздар ма?" деген сұраққа бұған басшылық жауап береді деді. Қалған кинотеатрлар әзірге жауап берген жоқ.

Журналист Сәния Тойкеннің “Марафоншы” фильмі биыл қаңтарда Азаттықтың YouTube парақшасында жарық көрген. Фильм қазір түрмеде отырған оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың спорт пен саясаттағы жолын баяндайды. Құқық қорғаушылар белсенді саяси себеппен қамауда отыр деп санайды. Ал ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.

Фильмді YouTube желісінен көру үшін мына сілтемені басыңыз

Your browser doesn’t support HTML5

"Марафоншы". Марат Жыланбаев туралы деректі фильм