Қорғаныс министрі ауысты, "Қазпошта" жетекшісі президенттің кеңесшісі болды

Жексенбі, 8 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасады. Президенттің жарлығымен Руслан Жақсылықов – қорғаныс министрі қызметінен, Марат Қарабаев көлік министрі қызметінен босатылды.

Қорғаныс министрі қызметіне Дәурен Қосанов тағайындалды. Бұған қоса, "Қазпошта" жетекшісі Әсел Жанасова президенттің кеңесшісі болды. Тиісті жарлықтар Ақорда сайтында жарияланды.

Кадрлық өзгерістердің себебі түсіндірілмеді. Ақорданың хабарлауынша, президент Тоқаев жексенбі күні жаңадан тағайындалған қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдаған.

"Кездесуде мемлекет басшысы армияның жауынгерлік дайындығын нығайту, басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу, арнайы операциялар күштерінің мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді" деп жазылған ресми хабарламада.

Мамырдың ортасында Тоқаев шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін және ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтып, “жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін” көлік министрі Марат Қарабевқа сөгіс жариялаған еді.

Тоқаев “тиісті міндеттерін атқармаған” шенеуніктерге жиі сөгіс береді. Бұған дейін су тасқыны, қазандықтардың істен шығуына байланысты бірқатар шенеуніктер сөгіс алған.

55 жастағы Дәурен Қосанов 2022 жылдың желтоқсанынан бері Қазақстан қарулы күштері әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болған. Былтыр күзде қорғаныс министрінің орынбасары болды. Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері әскери институтына жетекшілік еткен.

37 жастағы Әсел Жанасова 2022 жылдың қазанынан бері "Қазпоштаны" басқарады. 2020 жылдың шілдесі мен 2022 қыркүйек аралығында сауда және интеграция вице-министрі болған. "Болашақ" бағдарламасымен Кембридж университетінде оқыған.