Қазақстанда Конституцияның 30-жылдығына орай рақымшылық жүргізіледі. Тиісті заң жобасы сәрсенбі күні мәжіліс қарауына алынды деп жазды ресми БАҚ.
Ресми ақпарат бойынша, заң жобасы Конституцияның 30 жылдығына орай "қылмыстық саясатты гуманизациялау мақсатында" жүргізілмек.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның сөзінше, рақымшылық аясында 4,1 мың адам босатылады: 632-сі - қамау мекемелерінен, 3,5 мыңы пробациялық бақылаудан босатылмақ. Бұған қоса, түрмедегі 5,4 мың тұтқын, пробациялық бақылауда жүрген 5,5 адамның жазасы қысқартылмақ.
"Жалпы есептегенде жазаны қысқарту 11 мың адамға қатысты" деді депутат.
Жобаға сәйкес, "мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін" қылмыс жасаған азаматтар босатылмақ. Арасында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, аяғы ауыр әйелдер, соғыс ардагерлері және тағы басқа топ өкілдері бар.
Депутаттың сөзінше, рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.
Дегенмен де жобаны сынап жатқандар да бар. Заң жобасын әзірлеуге қатысқан адвокат Данияр Қанафин жобаны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін жазды.
Оның айтуынша, рақымшылыққа ілінбейтін құқық бұзушылықтардың өзі жоба мәтінінің үштен бірін құрайды және рақымшылыққа ілінетін азаматтар қатарын азайта түседі.
“Менің ойымша, рақымшылыққа мұндай көзқарас оның идеясына нұқсан келтіреді, заң шығару процесіне қатысушылардың күш-жігерін қоғам үшін елеусіз әрі декоративті нәтижеге дейін төмендетеді” деп жазды адвокат.
Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.