Оңтүстік Кореядағы президент сайлауында оппозициялық демократиялық партия кандидаты Ли Чжэ Мен жеңіске жетті деп хабарлады BBC-дің Орыс қызметі. Ол сайлаушылардың 49% дауысын алған. Оның негізгі қарсыласы – басқарушы "Халық күші" партиясының кандидаты Ким Мун Суға сайлаушылардың 41% дауыс берген.
Жақтастары алдында сөйлеген Ли Чжэ Мен "толқуды басып", "әскери төңкеріске" жол бермеуге уәде берді.
Сайлау үш күнге созылған, тіркелген сайлаушылардың 80% дауыс берген. Бұл 1997 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осы жолы сайлауға алғаш рет әйел кандидат та қатысқан.
Сайлауалды науқан кезінде Ли Чжэ Мен қарсыласы Ким Мун Суды және басқарушы партия өкілдерін биліктен шеттетілген Юн Сок Елге билікті ұстап қалуға көмектесті деп айыптаған.
BBC-дің жазуынша, Ли Чжэ Меннің өзіне бірнеше қылмыс бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, сайлау заңнамасын бұзды және 2019 жылы сот процесі кезінде куәгерді жалған куәлік беруге мәжбүрледі деп айыпталған. Егер сот оны кінәлі таныса, өкілетін тастауға тура келеді.
Сайлаудың түпкілікті нәтижесі сәрсенбі күні жариялануы керек. Бұдан соң президент ант беріп, қызметіне ресми түрде кіріседі.
Ли Чжэ Мен 2022 жылы да президент сайлауына қатысып, бірақ Юн Сок Елден 1% айырмашылықпен жеңіліп қалған.
Былтыр желтоқсанда сол кездегі президент Юн Сок Ел елде әскери жағдай енгізіп, әскерилерге парламентті бақылауға алуға бұйрық берген. Оның бұл әрекеті сәтсіз аяқталып, ізінше ол биліктен кетіріліп, саяси дағдарыс орнады.
Сәуір айында Конституциялық сот Юн Сок Елді биліктен кетіру туралы шешімді қолдады. Осыдан кейін елде мерзімінен бұрын президент сайлауы тағайындалған.