Forbes тізіміндегі Қазақстанның ең бай адамы тағы бір банкті сатып алуға рұқсат алды

Kaspi.kz финтех-холдингінің меншік иелері Вячеслав Ким (сол жақта) мен Михаил Ломтадзе.

Қазақстанның құзырлы органдары Kaspi.kz финтех-холдингі директорлар кеңесінің төрағасы, миллиардер Вячеслав Кимге Jusan Bank қаржы ұйымын сатып алуға рұқсат берді. 2025 жылғы 3 маусымда Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

"Қолданыстағы заңға сәйкес, жеке немесе заңды тұлғаның ірі қатысушы немесе банк холдингі мәртебесін иеленуіне тек уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімі болғанда ғана рұқсат етіледі", – деген агенттік.

2025 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша, Jusan Bank-тің активтері 3,195 триллион теңге (1 АҚШ доллары = 511,39 теңге), ал меншікті капиталы 900 миллиард теңге деп бағаланған. Бұл банк актив көлемі бойынша Қазақстандағы банктер арасында алтыншы орында тұр.

Kaspi финтех-холдингінің тең меншік иесі Вячеслав Ким осы аттас банкті де қамтитын Kaspi.kz тобы атынан Jusan Bank-ті сатып алғысы келетіні туралы өтінішті биыл ақпан айында берген.

Бұған дейін Jusan Bank бірқатар құқықтық дауға қалған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Назарбаев қорымен байланысты Jusan тобы (құрамында аталған банк және басқа да активтер болған) шетелдің құқықтық алаңына шығарылған. Қазақстан үкіметі бұл активтерді отандық заң аясына қайтаруды талап еткен. Бұл дау-дамай 2023 жылы "мәміле келумен" аяқталған, алайда оның егжей-тегжейі ашық дереккөздерде жарияланған жоқ. Британдық Jusan Technologies Ltd компаниясы (оған Jusan Bank-тің акционері First Heartland Securities компаниясы тиесілі болған), сондай-ақ оның негізгі акционері – АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding – Қазақстан үкіметіне қарсы түсірген талап-арызын 2023 жылы тамызда қайтарып алды. Сөйтіп, банк толықтай Ғалымжан Есеновтің иелігіне өткен. Есенов – Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеу баласы. Қазір Есенов – банкті сатушы, Ким – сатып алушы ретінде әрекет етпек.

Ким бұған дейін Jusan Bank-ті сатып алу жөніндегі мәміленің Kaspi тобына "қатысы жоқ" деп мәлімдеген.

Биыл Forbes журналы 55 жастағы Вячеслав Кимнің байлығын 7,1 миллиард долларға тең деп бағалаған. Кейінгі бір жылда оның капиталы 1,3 миллиард долларға өсіп, ол әлемдік миллиардерлер тізімінде 464-орынға көтерілді – бұл былтырғымен салыстырғанда 47 саты жоғары.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық миллиардерлер байи түсті. Әсіресе Тимур Турлов мол пайдаға кенелген