Қазақстанға қашып келген Қытай қазағы Ержанат Абайды Қытайға қайтарған болуы мүмкін. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау бюросы жазды.
"Өз еркімен бе, жоқ па, бұл басқа мәселе. Оған босқын мәртебесіне өтініш тапсыру мүмкіндігі берілді ме деген сұрақ та бар" деп жазды сайт.
Бюроның мәліметінше, 23 жастағы Ержанат Абай Қытайдың Қазақстанмен шекарасын 27 наурызда заңсыз кесіп өтіп, төрт күннен кейін сырттағы қазақтарға көмек көрсететін "Атажұрт" ұйымына көмекке жүгінген. Ол жөнінде АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш хабарлады.
Қазақстан бас прокуратурасы Адам құқығын қорғау бюросына берген ресми жауабында Ержанат Абай 28 наурызда соты өтіп, сот оған елден 10 күн ішінде өз еркімен кетуге уақыт берген. Бас прокуратура мәліметінше, ол Қазақстаннан 12 мамырда кеткен.
Ал Серікжан Біләштің мәліметінше, ол әлі Жаркенттегі тергеу изоляторында отырған болуы мүмкін.
4 маусымда Азаттық тілшісі Жетісу облысы Панфилов аудандық полиция бөліміне хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген қызметкер "уақытша қамау изоляторында отырғандардың тізімі алдымда тұр, олардың арасында ондай адам жоқ, ал тергеу изоляторы Талдықорғанда орналасқан" деп жауап берді. Әзірге Талдықорғандағы тергеу изоляторынан жауап алу мүмкін болмады.
Ержанат Абайдың Қытайдан не үшін қашқаны туралы мәлімет жоқ. Оның босқын мәртебесін сұрағаны-сұрамағаны жөнінде де ақпарат жоқ.
2017 жылдан бастап Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтар Қазақстанға қашып келуді жиілеткен. Олар Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымды күшейтіп, жаппай лагерьге қамай бастағанын мәлімдеген.
Бұған дейін бірнеше Қытай қазағының ісі сотта қаралып, қоғамда резонанс тудырған. Солардың бірі Сайрагүл Сауытбай Швецияға кете алды. Босқын мәртебесін алған бірнеше қазақ елде тұрып жатыр.