Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға жасалған арандату әрекетін сынады.
Министрлік Ибраеваға жасалған шабуылды "киберқылмыс" деп атаған. Ведомство бірінші кезекте порнорафияны және интим қызметті тарататын сайттарды реттеп, өз өкілетіне кірсе бұғаттайтынын атап өткен.
Бұған дейін Самал Ибраева интим-қызмет жарнамалайтын сайттардың бірінде жалған парақша пайда болып, онда өзінің фотосы мен телефон нөмері жарияланғанын айтқан. Журналист желідегі парақшасында оқиғаға қатысты пікір білдіріп, бірнеше күннен бері таныстарына жағдайды түсіндірумен әуре болып жүргенін айтады. Ибраева мұны тапсырыспен жасалған әрекет деп санайды.
Журналист полицияға арыз жазғанын, органдар бес күннен кейін киберқылмыс, желідегі буллинг деп қылмыстық іс қозғауға келіскенін айтады. Ибраева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі бақылауға алуын сұрайды.
Бұл – Самал Ибраеваға жасалған алғашқы кибершабуыл емес. 2023 жылы белгісіз біреулер Ulysmedia.kz сайтын бұзған. Сайтта журналистің және балаларының фотолары мен төлқұжаттары жарияланып кеткен еді.