Әскери колледжде оқып жүргенде бас сүйегінің жартысынан айырылып, көзі көрмей, денесі сал болып қалған Ұлан Мұсаев жақында арнайы ұшақпен Түркияға жеткізілді. Үш жыл бұрын жараланған ұлын шетелге емдетуге жіберу үшін анасына сергелдеңге түсуге тура келген. Ол әскери колледж өкілдерінің "Ұлан өзін атқан" деген сөзіне сенбейді. Тергеу орындары "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен қозғаған қылмыстық іс содан бері бірнеше рет тоқтап, қайта жанданғанымен әзірге еш нәтиже жоқ.
22 жастағы Ұлан Мұсаев қазір Түркия астанасындағы ауруханада емделіп жатыр. Гүлмира Мұқажанованың Азаттыққа айтуынша, Анкарадағы аурухананы Қазақстанның қорғаныс министрлігі тауып, ұлы екеуін қасына бір дәрігер қосып, 30 мамырда арнайы ұшақпен Түркияға жеткізген.
Гүлмира өздеріне Қазақстан елшілігінің өкілдері де көмектесіп жатқанын айтты. Ұлан қырық күн сол жерде ем алады. Қазір ауруханада оған дәрумен беріп, қарқынды ем бастады деді анасы. Дәрігерлер денесі сал болып қалған жас жігіттің аяқ-қолына жан бітіруге күш салмақ.
"Кезекшілікте тұрғанда өзін өзі атып жіберген"
– Басынан оқ атқан ғой. Соны білмейміз, мысалы, қалай болғанын. Оң жағынан кіріп, сол жағынан шығып кетті дейді. Міне, мына жерге дейін бас сүйегі жоқ, сол жағы үлкенірек, ал мына жер бос, – Гүлмира Мұқажанова тұла бойы тұңғышы Ұланның әскери оқуда жүріп, жұмбақ жағдайда жараланғаннан кейінгі жағдайын баяндап тұр.
22 жастағы жігіттің бас сүйегінің жартысы жоқ. Денесі сал болып қалған. Көзі көрмейді. Қараңдаған сұлбаларды ғана байқайды. Кейінгі кездері ғана қарапайым сұрақтарға жауап бере бастаған.
– Сөйлейсің бе, Ұлан?
– Иә.
– Бәрін түсінесің бе?
– Иә.
– Жасың нешеде?
– 22-де.
Анасының айтуынша, Ұлан бала күнінен әскери қызметкер болуды армандапты. 2021 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Ақмола облысы Щучинск қаласындағы әскери колледжге оқуға түскен. 2022 жылы жазда емтиханын тапсырып, бір ай демалыста үйде болған. Ал оқуына қайта кеткеннен кейін бірнеше күн өткенде отбасына Ұлан жайлы жайсыз хабар жеткен.
– 30 шілде күні төрт баланы кезекшілікке қойған ғой, қарауыл мұнарасына. Ал 31 шілде күні таңертеңгі сағат 8-ге таман маған әскери колледж өкілі телефон шалып, "балаңыз реанимацияда жатыр, жағдайы ауыр, тез жетіңіз" деді. Ары қарай сөйлесе алмай қалдым, інім сөйлесті. Оған "мұнарада тұрған кезде өзін өзі атып жіберді" деп айтыпты, – деді Гүлмира Мұқажанова
Содан кейін Ұлан сегіз ай әскери госпитальде жатты. Сонда жатқан кезде басына қан ұйып қалып, ісік пайда болған. Дәрігерлер бірнеше рет ота жасап, тазалаған. Ауыр жарақат салдарынан төсекке таңылып, аппараттарға жалғанған 20 жастағы жігітті, бір қалыпқа түскенде дәрігерлер үйіне жіберген. Гүлмира содан бері 20 жастағы ұлына жас балаша қарап, оған қайтадан сөйлеуді, тамақ ішіп, дәретке отыруды үйретуге кіріскен.
Ана көңіліндегі күмән, тергеуі тежелген іс
Гүлмира Мұқажанова "Ұлан өзін өзі атты" дегенге сенбейді. Оқиға қалай болды, кім және неліктен оқ атты деген сауал оны әлі күнге дейін қатты мазалайды. Көңіліндегі күдікті сауалдардың жауабын "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен қозғалған қылмыстық іс тергеуі анықтар деп үміттенген. Алайда үш жылдан бері іс бірнеше рет тоқтап, қайта жанданған. Әзірге еш нәтиже жоқ.
– Тергеушілерге "Ұлан өзін-өзі өлтірмекші болған жағдайға дейін жеткен дейсіңдер ғой, жарайды, тіпті оған да көнейін, бірақ маған сол адамды табыңдар, кім оны сондай жағдайға жеткізді?" деп айттым. Тергеушілер болса "біз оны анықтай алмаймыз, үш жыл өтіп кетті, айғақ-дәлел жоқ, видео жоқ, сондықтан тергеуді тоқтатуымыз мүмкін" деп жауап берді. Барлық видеоны қалпына келтіруге өздері берген ғой, сөйтсе, "қалыпқа келмейді" деп жазып беріпті, – деді Гүлмира.
Ол "балам мәжбүрлеу мен әлімжеттік кесірінен осындай жағдайға жеткен болуы мүмкін" деп күдіктенеді.
Гүлмира Мұқажанова ұлдары әскерде жүріп қаза тапқан я мүгедек болған басқа да ата-аналармен бірге Астанаға, Қазақстанның қорғаныс министрлігіне бірнеше рет барған. Ата-аналар өз балаларына қатысты істерді әділ тергеп, кінәлі адамдарды анықтап, жазалауды биліктен талап еткен.
Азаттық Қазақстанның қорғаныс министрлігінен Ұлан Мұсаевтың ісін тергеу қазір қай деңгейде жүріп жатқанын, іс бойынша күдіктілер анықталған я анықталмағанын, Ұлан Мұсаевқа оқ тиген күні күзет мұнарасындағы бейнебақылау камерасының жазбасы, бұл іс бойынша басқа қандай айғақтар барын сұрап, сауалхат жолдаған. Министрлік сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге болмайтынын айтып, бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырды. Тек "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша істі Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери-тергеу басқармасы тергеп жатқанын хабарлаған.
"Ұлыма бәрін қайтадан үйретіп жатырмын"
Гүлмира қорғаныс министрлігінен Ұланды шетелде емдетуге көмектесуді сұраған. Екі баланы жалғыз асырап отырған әйел науқас ұлын шетелде өз қаржысына емдетуге жағдайы жоғын айтқан. Отбасы қазір Ұланға мүгедектігіне байланысты берілетін 170 мың теңге (шамамен 340 доллар) мен баласына қарап отырған анасына берілетін 74 мың теңгеге (140 доллар) күнелтіп жатыр.
– Өздігінен отыра алмайды. Мынау мүгедектерге арналған арбаға отырғызып, жан-жағына жастық қойып, белбеумен байлап алып, реабилитацияға тасимыз. Бізге жылына екі-ақ рет беріледі реабилитация, ол бізге аз. Өзім үйде оған қолымнан келгенше бәрін істеймін: массажды қалай жасау керегін, ЛФК инструктор жасайтынның бәрін үйреніп алғам, – деді науқас жігіттің анасы.
Қорғаныс министрлігі Азаттыққа жолдаған жазбаша жауап-хатта Ұлан Мұсаевқа қандай ем-дом жасалып, көмек көрсетілгенін тәптіштеп баяндаған.
Ұлан Мұсаев туралы сауалхатқа Қорғаныс министрлігінің жауабы, 30 мамыр, 2025 жыл
"Ұлан Мұсаевқа оңалтудың төрт курсы көрсетілді. Ол Астана қаласының қалалық клиникалық ауруханасында, Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінің нейрохирургия бөлімшесінде, Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығында ем алды. Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас әскери клиникалық госпиталінің мамандары пациенттің үйінде массаж курсын өткізді.
Қорғаныс министрлігі Түркияның денсаулық сақтау министрлігіне Ұлан Мұсаевты Түркиядағы әскери медициналық мекемелерде емдеу туралы өтініш жасаған. Түркия тарабы оң шешім қабылдап, Ұлан Мұсаевқа тегін түрде физиотерапиялық және ортопедиялық ем жасауға шешім шығарды.
Қорғаныс министрлігі Ұлан Мұсаевты анасымен бірге Түркияға жеткізу үшін әскери ұшақ бөліп отыр. Тасымалдау кезінде Ұлан Мұсаевты бақылау мақсатында Бас әскери клиникалық госпитальдің дәрігері бөлінген.
Ол жараланған сәттен бастап әскери колледждің жеке құрамы Ұлан Мұсаевтың анасына материалдық көмек көрсетті. 720 мың теңге мөлшерінде кредит берешегі өтелді, Щучинск қаласындағы жалға берілетін тұрғын үй ақысы төленді, көлік шығыны мен дәрі-дәрмек сатып алу үшін қаржылай көмек көрсетілді. Әскери колледж екі жарым ай бойы ми мен асқазанға арналған дәрумендерді сатып алу түрінде көмек көрсетті".
Қазір Анкараның қалалық ауруханасында емделіп жатқан ұлының қасында отырған Гүлмира дәрігерлердің емі дарып, Ұланның аяқ-қолына жан бітсе деп армандайды.
– Ең болмағанда аяғына тұрып, өздігінен тамақ ішетіндей, беті-қолын өзі жуатындай жағдайға жетсек, одан кейін өзім де жұмысқа шығатын едім. Егер балам сондай жағдайға жетсе, соған да шүкір дейтін едім, – деді анасы.
Кейінгі жылдары Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында мезгілсіз қаза мен жарақат алу оқиғалары жиілеп барады. 2023 жылы бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев кейінгі үш жыл ішінде 270 әскери қызметкер қаза болды, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған деп хабарлаған.
Былтыр күзде әскерде өлім-жітімнің жиілегені жайлы сұраққа жауап берген қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев "әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыстар саны 28 пайызға азайған: 2021 жылы 32 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 23 болған. 2024 жылы 13 факт тіркелген.
ПІКІРЛЕР